БҚО ТЖ департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев мәлімдегендей оқиға 27 қазан күні Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында болды. Сағат 02.12-де Ш.Шарафутдинов көшесі 5/2-мекенжайында өрт болып жатқаны жөнінде хабар түскен. Екі пәтерлік үйдің бір бөлігі (25 шаршы метр) жанған. 37 жастағы әйел газдан улану белгілерімен ауруханаға жеткізілгенімен, есін жия алмай, қайтыс болды. Атап өтетін жайт, 16 жастағы қыз өрт сөндірушілер жеткенге дейін өзінен кіші үш бауырын терезеден шығарып алған. Өрт сөндірушілер үйдің екінші бөлігін аман алып қалды. Алдын ала болжам бойынша от электр жабдығын дұрыс пайдаланбаудан шыққан. Өрт сағат 03.56-да оқшауланып, 04.29-да толықтай сөндірілді. БҚО ТЖ департаменті тұрғындарға қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін бұлжытпай орындау және өрт шыға қалған жағдайда абыржымай, бірден өрт күзетін шақыру қажеттігін ескертеді.