0:00 / 0:00
Кінәлі тұлғалардың жазасын алғанын қалайтын жаңақалалық Ғалымжан Сағынғалиев туралы жаңалықтарымыздың өткен бөлімдерінде айтқан едік. Азаматтың жары 2018 жылы құрсағындағы сәбиімен ота жасайтын столда жан тапсырады. Сол кезде қылмыстық кодекстің 317 бабы 1-тармағы бойынша іс қозғалған болатын. Бүгінде іс сотқа жетпей, әлі де тергеліп жатыр.
Ғалымжан Сағынғалиевтың ісі мен бастан кешкен оқиғасы туралы бірнеше мәрте айтқан едік. Кейіпкеріміз бүгінде 4 баласын өзі асырап отырған жалғыз басты әке. Оның жары мен құрсақтағы жеті айлық баласы 2018 жылдың сәуірінде Жаңақаланың ауруханасында жан тапсырады.
Айдың күні аманында жарынан айырылған азаматтың авдокаттары тергеудің баяу жүріп жатқанын айтады. Қазіргі таңда істің тергеліп жатқанына 2 жылдан астам уақыт болыпты. Тараптардың өтініші бойынша 3 рет сараптама жасалған. Соңғысын Алматылық сот сараптамасының мамандары жасақтапты. Өткен жылдың қазанында сараптамаға жіберілген материалдың қорытындысымен енді танысып отыр. Оның қорытындысы тамызда берілген. Бірақ облыстық полиция департаментіне осы қазанда келіп жеткен.
Ғалымжан Сағынғалиев пен оның адвокаттары тергеуді бақылауға алып, кінәлі тұлғалардың жауапқа тартылуы үшін бірнеше мәрте құзыретті органдарға арыз жазған. Және қосымша марқұмның құжаттарға қойған қолының өтірік екенін растайтын сараптама тағайындап, оның оң қорытындысын алған.
Полиция департаментінің мамандары істі тергеп жатқанын, Алматыдан келген сараптамамен танысып жатқандығын айтады.
Қазіргі таңда аталмыш қылмыс 317 бабы 3-тармағы бойынша тергелуде. Жәбірленуші тарап сараптамаларды негізге ала отырып, қылмысты 317 баптың, 4-ші тармағы бойынша қарастырғанын қалайды.
Ғалымжан Сағынғалиев жары мен оның құрсағындағы 7 айлық баласын өлтіріп алған кінәларды жауапқа тартқысы келеді.