0:00 / 0:00
Күн салқындап, жылыту маусымы басталды. Жылу беру кезеңімен тілсіз жаудан зардап шегушілер де көбейді. Төтенше жағдайлар министрлігі жылыту кезінде өрт қауіпсіздігіне салғырт қарайтын тұрғындар әлі де көп деп отыр. Министр Юрий Ильиннің айтуынша, биылғы тоғыз айда елімізде 9 мыңнан астам өрт тіркеліп, оның салдарынан 217 адам жарақат алды, 228 адам қайтыс болды. Төтеншеліктер тұрғындарды қауіпсіздік шарасын сақтауға шақырады.
Қоңыр күз де келіп жетті. Жылу беру маусымы биыл әдеттегіден ерте басталды. Әлі күнге дейін газ жетпеген өңірлерде жекеменшік тұрғын үйлер көмір жағып жатыр. Алайда, жылыту маусымы кезіндегі өрттен келген қауіп осы жеке үйлерде орын алуда. Адамдар тілсіз жаудың алдын алу жөнінде нұсқаулықтарды ескермей жатады. Төтеншеліктер жүргізген рейд жұмыстары көрсеткендей, 118 мыңнан астам әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасы тұрып жатқан үй есепке алынды. Электр, газ құрылғылары, мұржалары мен пештері жылыту маусымына дайын емес болып шықты.Төтеншеліктердің ескертуінен соң, кемшіліктерді жоймағандар әлі бар.
Юрий Ильин – ҚР ТЖМ «Өткізілген екінші рейд барысында 30 мыңнан астам тұрғынның кемшілікті жоймағаны анықталды. Оларға қатысты жергілікті атқарушы органдарға мәліметтер жіберілді. Әлеуметтік қамқоршылық, учаскелік инспекторлар қайғылы жағдайдың орын алмауы үшін ол үйлермен жұмыс істеп, бақылап отыруы тиіс».
Ағымдағы жылдың тоғыз айында елімізде 228 адам өрттің құрбаны болды. 217 адам жарақат алды.Төтенше жағдайлар министрі өрттен көз жұмғандардың көбі мас болғанын айтады. Күн сайын өрт сөндірушілер 100-ден 150-ге дейінгі шақыртуға барады. Соның басым бөлігі тұрғын үй секторындағы өртті өшіруге қатысты. Сондай-ақ, биыл дала өрттерінің саны екі есеге артыа, орман өрті 20 пайызға өсті. Оған аптап ыстық пен адами фактор себеп. Еске сала кетсек, 50 гектарға жуық алқапты шарпыған дала өрті Батыс Қазақстан облысында, ең үлкен орман өрттері Шығыс Қазақстан, Қостанай өңірлерінде тіркелді.