0:00 / 0:00
Қазақстандық білімді жастар жаппай шетелге кетіп жатыр. 15 пен 29 жас аралығындағы жастардың 42 пайызы шетелге оқуға немесе тұрақты тұруға кетуді жоспарлауда. Талантты, білімді жастарды елде ұстап қалу үшін, жоғарғы оқу орындарында тегін білім беру керек. Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова осылай деп пікірін білдірді.
Білімді, ақылды, талантты жастар елде білімін сусындатқаннан гөрі, шетелге баруға құмар. Оның себептері көп. Шетелдің сапалы білімі, еркіндік, сапалы өмір салты жастарды тартады. Сарапшылардың айтуынша, әлемдік тренд қатты өзгеруде. Жастардың еліміздегі жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасына көңілі толмайды. Ал Германия, Франция, Ресей сияқты елдерде тегін жоғары білім алуға мүмкіндік жасалған. Әрине Қазақстанда да мемлекет грант бөліп, тапшы деген мамандықтарға тегін оқытып жатыр. Алайда, мұның өзі жеткіліксіз дейді депутат Смирнова. Оның пікірінше, елде жоғарғы оқу орындарында тегін оқыту керек.
Ирина Смирнова – ҚР ПМД «Бізге де өзге елдердегідей жоғарығ оқу орындарында жастарға қалаған мамандығына тегін оқу жағдай жасалуы керек. Тегін оқуға түскендер өз білімін дәлелдейтін болады. Тегін жоғары білім беру арқылы жастарды елде ұстап қаламыз ».
Жыл сайын елде 100 мыңнан аста түлек мектеп бітіреді. Соның 20-30 пайызы шетелдің жоғары оқу орындарына түседі. Сыртқы істер министрлігінің дерегі бойынша, 91 мыңнан астам Қазақстан азаматы шетелдерде оқып жүр. Сол жастар білімін ұштап елге оралып, отанға қызмет етсе жақсы ғой. Өкінішке орай көбісі шетелде қалып, жат елге қызмет етуде.
Ирина Смирнова – ҚР ПМД «Қазір бізде 75 мың студент тек Ресейде оқуға сұранып отыр деген статистика бар. Ал басқа елдерге қаншама бала барып жатыр. Бұл өте көп».
Ақылды жастардың шетелге кетуі бұл үлкен проблема дейді депутат. Жастар трендін зерттеу аясындағы сауалнама нәтижесі көрсеткендей 15 пен 29 жас аралығындағы қазақстандықтардың шамамен 42 пайызы шетелге оқуға немесе басқа елде тұрақты тұруға кетуді жоспарлап жүр.