Оралда 81 жастағы қарияны аяусыз соққыға жығып, қорлап өлтірген қандықол қылмыскер әлі табылған жоқ. Облыстық полиция департаменті қала іргесіндегі саяжайда болған қынды қылмысқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Қазір оқиға куәгерлері іздестіріліп, көршілері сұрастырылуда.Көршілерінің айтуынша, 81 жастағы қария өмірінің соңғы күндерін осында өткізген. Ешкіммен араласпай, жаз бойы бау-бақшасын баптап, біртоға ғұмыр кешкен. Көршілері қарияны қайғылы оқиға болған күні көргенін айтады. Кешкісін жалғызбасты жанға тамақ апарғанда ғана үйінен қанға боялған денесін тауыпты. Бірақ көңілге күдік ұялатарлық ештеңені байқамаған.– Байғұстың ешкімге зияны жоқ еді. Ешкімге дауыс көтеріп, ұрысқанын көрген емеспіз. Мінезі жайлы, жақсы көршіміз еді. Оның мұндай қорлықпен көз жұмғанына сенер-сенбесімізді білмей отырмыз,- дейді көршісі Лидия Кирилличева.Марқұмның денесі сот-дәрігерлік сараптама жасауға жіберілген. Ал саяжай қоғамының төрағасының айтуынша мұндай қайғылы жағдай бұрын-соңды болмаған. Облыстық полиция департаменті қарияның аяусыз соққыға жығылғанын растады. Қанды қылмыс қыркүйектің 4-і болған. Қазір күдіктіні ұстау үшін жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.