0:00 / 0:00
Оралдағы Әлия Молдағұлова көшесіндегі жол қайтадан салынады. Бұған себеп өткен жылы жол жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме құрылысты сапасыз орындаған. Қалалық әкімдік мамандары осындай мәлімдеме жасады.Батыр қыз атындағы көшенің жол жөндеу өткен жылдың жазында басталған еді. Жалпы ұзындығы 1,8 шақырым болатын нысандағы жұмыстарды «Бірлік» ЖШС жүргізді. Аталмыш мердігер мекеме орындаған жұмыстан бірқатар кемшіліктер анықталды. Нақтырақ айтсақ жөндеуге сапасыз құрылыс материалдары пайдаланылғандықтан мемлекеттік комисия жолдағы кемшіліктерді қайта түзетуге уақыт берді. Алайда мердігер мекеме кеткен кемшіліктерді ескермегендіктен мемлекеттік комиссия компанияны заң талаптарына сай емес деп танып, лицензиясынан айырды. Құрылыс жұмыстарына 700 млн теңге бөлінген. Тапсырыс беруші «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы. Сағызша созылған құрылыс жұмыстары тұрғындардың титығына тиіпті.Биыл Орал қаласында 50 шақырым жол жөндеуден өтуде. Олардың барлығы да қазан айына дейін пайдаланылуға берілуі тиіс.