0:00 / 0:00
Дала киесі ақбөкендердің саны өсуде. Жалпы Қазақстан бойынша киіктің басы 400 мыңнан асады. Ал Ақмола облысына қарасты Қорғалжын қорығын мекендеген киіктер саны 70 мыңға жуықтады. Дегенмен, киелі киікке адамзаттан төнген қауіп сейілер емес. Жануарлар әлемін қорғап жүрген мемлекеттік иснпекторлар броконьерлердің жолын кесу үшін күн-түн жұмыс істейді. Біздің арна тілшілері Экология министрлігінің ұйымдастырумен Ақмола облысындағы "Қорғалжын" қорығында болған еді. Елордадан 130 шақырым жерде орналасқан Қорғалжын қорығы еліміздегі ең ірі мемлекеттік қорықтың бірі. Аумағы 700 мың гектарды құрайды. Сарыарқаның төсіндегі бұл өңір қасиетті жер болып табылады.
Сары даланы мекендеген мыңдаған ақбөкенді, құстың түр-түрін осы жерде кездестіресіз. Қорықта 128 көл бар. Жан-жануардың 40 аса түрі, құстың 357 түрі осы қорықты меншікті мекеніне айналдырған. Қорғалжын қорығында Қызыл Кітапқа енгізілген құстардың 32 түрі бар. Негізінде қорық ең әдемі құс-қызғылт фламингосымен әйгілі. Қорық Қорғалжын шұңқырында орналасқан. Қорық аумағында екі үлкен көл: Теңіз және Қорғалжын. Теңіз көлінің ұзындығы 85 шақырым, ені 35шақырымды құрайды. Судың минералдығы Әлем теңізінен 5-6 рет артық. Ал осынау ғажап табиғатты насихаттауға жол мәселесі кедергі болып отыр.
Ал осынау қорықты мекендеген дала киесі киіктерді көзінің қарашығындай қорғап жүрген инспекторлар броконьерлерден төнген қауіп сейілер емес дейді. Иә марқұм инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өлімінен кейін, бұл сала қолға алынды. Ауылшаруашылық министрлігінен экология министрлігіне берілді. Заң өзгерді. Талап күшейді. Киікті атқандарды 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жануарлар әлемін қорғап жүрген иснпекторларды техникалық қолдау да күшейді. Бірақ, киік атып, мүйізін Қытайға сатып кәсібіне айналдырған ұйымдасқан топтың тәбеті таусылар емес.Қытайда киік мүйізінен жасалған «деток» өнімі кең танымал. Броконьерлердің үш түрі бар екен.
Дала батырлары киесі бар ақбөкендердің нақты санын айтудан тартынады. Киіктің басты жауларынан қорғану мақсатында болжаланған санын ғана атады. Жалпы республика бойынша киік саны 400 мыңнан асады. Біз барған Ақмола өңіріндегі 70 мыңға жуық киік бар.
2015 жылы Қазақстанда індет салдарынан ақбөкендердің 62 пайызы яғни 150 мың киік бірнеше апта ішінде қырылып қалғаны есімізде. Жануарларды қорғау және мемлекет тарапынан бақылау күшейтілгенен бері киік санының өсуі байқалады. Жануарлар әлемін қорғап, броконьерлермен күресіп жүрген инспекторлардың жұмысы қауіпті. Әбден сайланып алған броконьерлердің көлігі де, қаруы да мықты дейді олар. Вахталық әдіспен айдың 15 күнін ен далада өткізетін инспекторлар, киік атушыларды ұстау барысында өміріне қауіп төнген кездер де орын алып тұрады дейді.
Достай Нұрбеков – Ақмола облысы бойынша «охотзоопром» инспекторлар тобының басшысы «2016 жылы броконьерлерді ұстау барысында маған шабуыл жасалды. Мойныма пышақ сұқты. Мұндай жағдайлар орын алып тұрады».
Жаңа заң бойынша, инспекторларға өміріне қауіп төнген жағдайда оқ ату құқығы берілді. Сондай-ақ, броконьерлерді ұстағандарға бонус беріледі. Жалақысының 150 пайызы. Дегенмен, жан-жануарларды қорғап, қытымыр қыста қар кешіп, жаздың жауын-шашына қарамастан еңбек етіп жатқан инспекторлардың айлығы 80-100 теңгенің үстінде. Айта кету керек, жыл басынан бері Қазақстанда ұсталған браконьерлерден 256 тұтас ет пен 1245 киіктің мүйізі, сондай-ақ 5 қарақұйрық пен 2 ителгі тәркіленді.