0:00 / 0:00
Үкімет елдегі карантин талаптарын жеңілдетуді қолға алып жатыр. Үкіметтің селекторлық отырысында Премьер-министр Асқар Мамин карантинді жеңілдету жоспарын әзірлеуді тапсырды. Осыған орай алдағы бейсенбіде мемлекеттік комиссия отырыс өтеді. Күні кеше хабарланғандай, елде қауіпті індеттің таралу өсімі тоқтады.
Індеттен жазылып шыққандардың саны 73,6 процентті құрады. Ауруханалардың жүктемесі 61 процентке, ал жедел жәрдемді шақыру көрсеткіші 62 процентке төмендеді.
Үкіметтің кезекті отырысы әдеттегідей елдегі эпидемиологиялық ахуалды талқылаудан басталды. Бірінші болып сөз алған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда карантинді жеңілдетуге болатынын айтты. Карантиннің бес аптасында коронавирус жұқтыру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 56,73 адамнан 36,2-ге дейін төмендеген. Өлім-жітім де азайды дейді Цой. Яғни індеттің таралуы өсімі тоқтағандықтан, елдегі қатаңдатылған карантин талаптары жеңілдетілмек.
Алексей Цой – ҚР ДСМ «Карантиннің бес аптасында репродуктивті өсімі, яғни, вирустың бір адамнан таралу көрсеткіші төмендеді. Қатаң карантинге дейін оның деңгейі 1,15 болса, бүгінде 0,82-ге дейін түсіп отыр. Эпидемиологиялық тұрғыда осы көрсеткіш 1-ден төмен болуы керек. 100 мың адамға шаққанда науқастардың саны 56,73 адамнан 36,2-ге дейін төмендеді. Өлім-жітім де азайды .Бұл жағдай карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдетуге болатынын көрсетіп отыр. Карантинді жеңілдеткеннен кейін де маска тағып, қоғамдық жерлерде гигиена режимін қатаң сақтау қажет. БАҚ –да халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізе беру керек".
Еліміздің бас дәрігерінің ұсынысын Үкімет басшысы да қолдады. Қазір елде індеттен жазылып шыққандардың саны 73,6 пайызды құрады. Ал ауруханалардың жүктемесі 61 пайызға, жедел жәрдемді шақыру көрсеткіші 62 пайызға төмендеді. Өз кезегінде Асқар Мамин карантин шараларын кезең-кезеңмен алып тастауды тапсырды.
Карантинде отырып, жұмысы тұралап қалған шағын бизнестің мәселесін енді мемлекеттік комиссия шешпек.