0:00 / 0:00
Орал қаласында отбасылық зорлық-зомбылық артуда. Сала мамандары өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда қылмыс саны 4 есеге артқанын айтады. Биыл жанұядағы жанжалдан 4 адам қайтыс болып, алдын ала ойластырылып, ауыр дене жарақатын келтірген 6 дерек тіркеліпті.
Полиция қызметкерлерінің таратқан ақпарына сүйенсек, биыл тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 4 адам қайтыс болған. Жалпы алты айда 12 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 4 есеге көп. Материалдық жағдайдың төмендеуі, ішімдік пен есірткі қолдану, құмар ойындарға әуес болу мен қызғаныштың кесірінен жанұялар зардап шегіп отыр.
Отбасындағы жанжалдан көбінесе нәзік жандылар зардап шегеді. Ер азаматынан таяқ жеп, психологиялық және материалдық қысым көріп жүргендері қаншама. Мамандар тирандардың мінез-құлқы кішкентайынан отбасынан қалыптасады,- дейді. Қатыгез жандар жарын өзіне тәуелді қылып, психологиялық қысым жасап немесе ұрып-соғады. Әйел адам ажырасқысы келсе, тізерлеп кешірім сұрап, бұндай оқиғаның қайталанбайтынын айтып, уәде береді. Бірақ уақыт өте әлгі сценарий қайтадан қайталанады.
Ал тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 25 адам арнайы орталықты паналапты.
Сала мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған 138 адамға көмек көрсеткен. Олардың 56 психологиялық, 48 жан құқықтық және 34 адам әлеуметтік кеңес алыпты.
Сурет ғаламтордан жүктелді