0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысында жұқпалы аурулар стационарында 512 адам емделуде.БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың брифингте мәлім еткеніндей, соның 13-і – балалар, 13-і – жүкті әйелдер. Ауырғандар ішінде 19-ы жеңіл, 435-і орташа, 58-і ауыр халде. 349 адам пневмониямен сырқаттанса, соның 9-ы – балалар. 14 ересек адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.Сенбі және жексенбі күндері ауруханаға 86 адам түскен. «Облыста жұқпалы аурулар ауруханасына қосымша қалалық көпбейінді ауруханада 389, Ақжайық аудандық ауруханасында 30, Бөрліде 30, Бәйтеректе 6 орын ашылды. Өңірде медициналық көмек көрсетілгендер саны екі есе көбейген. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, 28 маусым күні 95 дерек тіркелсе, соның 42-сі – ауру белгісі бар науқастар. Қалған 53-і – клиникалық белгілері жоқтар. 42 адамның 22-сі – бұрын коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандар. Екеуінен эпидемиологиялық қадағалау бойынша сынама алынса, 18 адам өз бетінше медициналық көмекке жүгінген.Облыста қосымша шектеу шаралары енгізілгеніне қарамастан, әсіресе, сауда орындары, шаштараз, дүкендерде санитарлық талаптардың сақталмай отырғанын жеткізді. Осыған байланысты 43 хаттама толтырылып, материал сотқа жолданды. Сонымен қатар аталған инфекцияны жұқтырған 7 науқас бүгін көз жұмды.