0:00 / 0:00
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус жұқтырды. Назарбаевтың соңғы тапсырған тесті оң нәтиже көрсетті. Бұл жайында Елбасының ресми сайты хабарлады.Ал бүгін ел үкіметі коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізіп, карантин талаптары күшейтілді. Премьер-министр Асқар Мамин осыған орай шектеулерді енгізуді тапсырды. Алдағы демалыс күндері Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларында сауда орындарыы, парктер жабылып, қоғамдық көлік қозғалысы шектеледі.
Қауіпті індет елбасына да жұқты. Бүгін елбасы сайтында Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткені хабарланды. Оның денсаулығына алаңдауға негіз жоқ делінген ақпаратта. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли ФБ желісінде мемлекет басшысының денсаулығы жақсы екенін хабарлады. «Соңғы кездердегі эпидемиологиялық жағдайдың өрши түсуіне байланысты, ол күнделікті коронавирусқа тест тапсырып жатыр. Тапсырылған барлық тест сынамасы теріс нәтиже көрсетті»- деп жазады. Айта кетейік, министрлер қатарынан да, бірқатар парламент депутаттарынан да коронавирус анықталғанды. Адамзат үшін қауіпті індетке айналған коронавирусті жұқтырушылар саны ел ішінде күрт өсіп жатыр.
Үкімет қабылдаған карантин талаптары толық сақталмауда. Халықты үйде ұстап отыру мүмкін болмай қалды.
Енді үкімет алдағы демалыс күндері адамдар көп жиналатын нысандарды, парктерді жауып тастауды ұйғарды. Яғни маусымның 20-21 күндері үйде отыруға тура келеді. Осылай қауіпті вирустың өршуін тежеуді жөн көрген ведомствааралық комиссия бүгін жаңа ережені бекітті.
Асқар Мамин –ҚР үкімет басшысы; «Алдағы демалыс күндері 20-21 маусымда Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларында сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, желілік дүкендер, базарлар, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмысын тоқтатады. Тек ашық аспан астындағы қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына рұқсат етіледі, әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс, қоғамдық көлік қозғалысы шектеледі».
Сондай-ақ, қалалардағы саябақтар, жағалаулар, жағажайлар мен аквапарктер де екі күнге жабылады. Фитнес-орталықтар жұмысын уақытша тоқтатады. Ал 65 жастан асқан адамдарға көшеге шығуға тиым салынады. Асқар Мамин әкімдерге науқастарды компьютерлік томографиямен зерттеу шаралары күшейтуді жүктеді. Сондай-ақ, қысқа уақыттың ішінде ПТР тест жасау шараларын күшейтуді тапсырды. Ол үшін медицина ұйымдарының негізінде қосымша зертханалар ашылмақ.Ауруханаларда инфекциялық және провизорлық орындарды көбейту керектігін айтты.