0:00 / 0:00
Түркістан облысы Мақтаарал ауданына “Nur Otan” партиясының гуманитарлық көмегі аттанды. Гуманитарлық көмек 16-шы мамыр күні межелі жерге жетеді деп жоспарланып отыр. «Нұр Отан» партиясы Елбасының бастамасымен «Біз біргеміз» ұранымен төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, әлеуметтің осал тобына қаржылай да, тамақтай да көмек көрсетті. Әсіресе бұл бастаманы кәсіпкерлер құп алып, ел азаматтарының уақытша болса да қиындықты еңсеруіне үн қосты. Бұл жолы да партия белсенділері атқа қонып, бастарына күн туған жамағатқа жұмыла көмек беруде. "Аққайнар" ЖШС 1 тоннадан астам астық, 1500 литр күнбағыс майы, "Кублей" ЖШС-нің 2000 консервілік өнімдері, шаруашылық тауарлары, оның ішінде 1000 дана тұрмысқа қажетті пластикалық бұйымдар, 300 дана матрац, жастық, көрпе және "Талап" АҚ өндірген антисептиктері, жеке бас гигиенасының қажеттіліктері мен жуғыш құралдар 3 күннен соң оңтүстіктегі ағайынға жетеді деп жоспарланып отыр. Тауарлар отбасыларға теңдей бөлініп берілетін болады.
Су тасқынына байланысты штаб құрылған күннен бастап “Nur Otan” партиясының өкілдері мен “zhas otan” жастар қанатының жастары Мырзашөлге шұғыл аттанып, қызмет етіп жатыр. Олар еріктілердің штабын құрып, гуманитарлық көмекті үйлестіруге және өзге де жұмыстарға тартылған. Бұл жолғы көмек шамамен 10 млн. теңгеге бағаланып отыр. Естеріңізге сала кетеміз, бұған дейін де батыстан оңтүстік өңірге гуманитарлық көмек жіберілген болатын.