0:00 / 0:00
Орал қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 508 арыз-шағым келіп түсіп, 4 қылмыстың тіркелген. Полиция қызметкері өткен жылғы көрсеткіштерімен салыстырғанда қылмыстың 3 дерекке артқандығын айтады. Қылмыстардың жаппай тіркелуіне маскүнемдік, жұмыссыздық және тұрмыс жағдайының төмендігі себеп болып отырған көрінеді.
Елімізде үйінде отырып, жұбайынан таяқ жеп, түрлі психологиялық қысымға ұшырап, соққысыз, бала-шағасымен тыныш қана өмір сүруді армандар жүрген нәзік жандылар көп. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары жылдар бойы зайыбынан қорлық көріп, соққыға жығылып, өмір сүруде. Орал қаласында биылғы жылдың бірінші тоқсанында полиция қызметкерлеріне 508 келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп, шағым түсірген. Сондай-ақ, құдай қосқан жарының денсаулығына қасақана залал келтіріп, тіпті зайыбын өлтірген деректер де бар.
Үйінде жарының соққысы мен түрлі психологиялық қысымына шыдап жүрген келіншектерге қазір тым қиын. Полиция қызметкерлері төтенше жағдай уақытында 130 әйел адамның шағымданғанын айтады.
Барар жері, басар тауы жоқ келіншектер баласын жетектеп арнайы орталықтардан пана табады. Биылдыққа 101 ару тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының көмегіне жүгініп, 8 әйел бала-шағасымен осы жерді паналаған. Қазіргі жағдайға байланысты дағдарыс орталығы карантинге жабылған. Мамандар телефон арқылы зардап шеккен әйел адамдарға көмек көрсете алады.
Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берген адамдардың үстінен іс қозғалып, жауапкершілікке тартылатындығын ескертеді. Ал өмірде қиын жағдайда қалып, көмек сұрағысы келетін нәзік жандылар дағдарыс орталығы мамандарынының көмегіне жүгіне алады.