0:00 / 0:00
Коронавирус індетінің кесірінен әлемдік деңгейдегі спорт додалары тоқтап, лицензиялық жарыстар да өтпей қалды. Тіпті олимпиада ойындары да кейінге шегерілді. Сонымен қатар, жаттығу базалары да жабылды. Бұл жағдай спортшыларға кесірін тигізді. Қазір олар жаттығуларын үй жағдайында жасауға мәжбүр. Алайда жергілікті спортшылар төтенше жағдайларға қарамастан жаттығулардан бой үзген емес. Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындары коронавирусқа байланысты кейінге қалдырылды. Аталмыш әлемдік додада еліміздің намысын қорғайтын команда құрамында Батыс Қазақстандық жеңіл атлетші Георгий Шейко бар. Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың айтуынша, жазғы олимпиада ойындарының кейінге қалдырылуы жергілікті спортшылардың оған қатысуына лицензия алуына мүмкіндік береді. Ал Рио олимпиадасының қола жүлдегері, самбошы Екатерина Ларионованың бүгінде жағдайы жаман емес. Алған дене жарақатынан айығып спортқа қайта оралуды мақсат етіп отыр дейді облыстың бас спортшысы.Төтенше жағдайларға қарамастан жергілікті спортшылар жаттығудан бой үзген емес. Мәселен, 22 жасар дзюдо күресінен ҚР спорт шебері, ҚР V жазғы спартакиадасының чемпионы Тоқтар Үміталиев күн сайын «Жеңіс» алаңында дене шынықтырады. Ол інісімен бірге жаттықтырушысының нұсқаулығы бойынша жұмыстанады. Осылайша, өз бетінше алдағы спорттық додаға дайындықты жалғастыруда.Қазір барлық спорт мектептері қашықтан жұмыс жасау режиміне көшкен. Ал спорт мектептерінің директорлары күшейтілген карантиндік режимге байланысты жұмысты үй жағдайында жасуға мәжбүр болып отыр.