0:00 / 0:00
Оралда жазасын өтеушілер 36 мыңға жуық медициналық маска тікті. БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мамандарының айтуынша, коронавирустың таралуына тосқауыл қоюға үлес қосу мақсатында маска тігу қолға алынды. Қазіргідей кезеңде аса маңызды бұл істі ұйымдастыру үшін РУ-170/3 мекемесінде өндірістік цех бөлінді. Жұмыс екі ауысымда атқарылуда. 29 жазасын өтеуші күніне 2 мыңдай маска тігеді. Күні бүгінге дейін 36 мыңға жуық медициналық маска шығарылды. Бетпердемен алдымен департаментке қарасты қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар, содан кейін облыстық полиция департаменті қамтылатын болады. Жазасын өтеушілер масканы тігуге құлшына кіріскендерін жеткізді. Бүгінде бұл мекемеде 5 кәсіпкер жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтуға өз үлестерін қосуда.