0:00 / 0:00
23 наурызға дейін шетелдерде демалып жүрген 5 мың турист елге қайтарылады. Бұл жайында үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов бүгін онлайн режимде өткен брифингте хабарлады. Вице-премьердің айтуынша, туристерді елге жеткізу үшін арнайы 18 рейс қарастырылған. Соңғы мәліметтер бойынша, қауіпті коронавирусті жұқтырғандар саны артып отыр. Коронавирус Алматы мен Нұр-Сұлтаннан басқа Қарағанды қаласында да тіркелді. Қазіргі уақытта елде 49 адам коронавирус жұқтырды. Оның 25-і – Нұр-Сұлтанда, 22-сі – Алматыда және екі адам Қарағандыда. Ал Қазақстанда коронавирустан үш адам көз жұмды деген қауесет тарағанды. Вице-премьер оны жоққа шығарды.
Денсаулық сақтау министрлігінің күнделікті таратып отырған ақпараты көңіл қоншытпайды. Осылайша Қарағанды қаласы да коронавирус тарап жатқан шахарлар тізіміне ілікті. Жалпы қауіпті індет жұқтырғандар негізіген шетелден келіп жатқандар. Бұған қоса үкімет әлемді алаңдатып отырған жәйітке қарамай шетел асып демалып жатқан 5 мың қазақстандық туристі елге қайтармақ. Ол үшін 18 рейс қарастырылған.
Ералы Тоғжанов –ҚР үкімет басшысының орынбасары; "Шетелде жүрген 5 мыңнан аса қазақстандық туристі елге қайтару қажет. Әлем бойынша рейстер саны жаппай қысқарып жатыр. Оларды чартерлік рейстермен жеткіземіз. Мұның бәрі мемлекет есебінен емес"
Сондай-ақ, Тоғжанов бетперде тапшылығын шештік деп отыр. Қазір елімізде күн сайын 360 мың бетперде шығарылса, алдағы уақытта тәулігіне 1 миллион шығару міндеті тұр. Отыз күнге жарияланған төтенше жағдай барысында азық-түлікпен қамту мәселесі де қатаң бақылауда деп сендірді вице-премьер. Ал карантинге жабылған Алматы мен Нұр-Сұлтан қаларын қажеттілікпен қамтамасыз етіледі. Ұлыстың Ұлы күні 22 наурызға дейін азаматтарға бұл екі қалаға келуге немесе кетуге рұқсат етіледі. Одан кейін барлық бекет тарс жабылады. Аматыда 27, елордада 7 бекет қойылған. Ол жерде әскерилер мен полицейлер, санитарлық дәрігерлер қызмет етуде. Кеше кешкісін бекеттердің жұмысын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз барып, аралап шыққан еді. Мемлекет басшысы үкіметтегілерге коронавируспен бетпе-бет күресіп жатқан дәрігерлерді материалдық қолдауды жіті тапсырды.
Төтенше жағдай мен карантин барысында жұмысы тоқтап қалған кәсіпкерлікті қолдау қажеттігі туып отыр. оның ішінде сауда ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, көрмелер жеке мүлік салығын және салықтар бойынша қарызын төлеуден уақытша босатты. Жалпы 72 мың кәсіпкер жыл соңына дейін он пайыздық жеке табыс салығын төлемейтін болды.