0:00 / 0:00
Қазақы өнерді насихаттап, ұлттық салт-дәстүрлеріміз көрініс тапқан кездесуді БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасы мен "Жас Отан" жастар қанаты ұйымдастырған. Шара аясында "Quest" ойыны оздырылып, бірнеше команда қала тарихына қатысты жасырын сұрақтарға жауап іздеуге аттанды. Сонымен қатар, ханталапай, асық ату сынды ұлттық ойындардың көркі қызды. Домбыра пати шарасын өткізуге С.Датов алаңындағы субұрқақтар жанына жайғасқан жастар қос шектен күмбірлеген күй төгіп, әуезді терме айтып, ұлттық өнерге сусаған жұрттың құлағының құрышын қандырды. Қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Ашық аспан астындағы кешкілік кездесуге тек домбырашылар ғана емес, сонымен қатар ұлттық аспаптарда ойнай алатын өнерпаздар және тыңдарман-көрермендер қатыса алады. Қатысушыларды шақыру әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асады. Шара аясында "Бауырсақ пати" атты мақал-мәтел айтып, жұмбақтың жауабын тапқандар арасындағы байқау өткізілді. Әр жауап үшін ұлттық тағам бауырсақтан дәм татқан көпшіліктің оған қатысуға деген ықыласы жоғары болды. Кішкентай бүлдіршіндердің өзі осы қызықты сәттің куәгері болып, білген мақал-мәтелдерін айтып беруге асықты. Бір топ жастар асық атудан мергендіктерін сынап жатса, бозбалалар жағы ханталапайдың қызығына берілген. Сонымен қатар бұл уақытта Квест, яғни қазақ тіліне аударған іздеу деп аталған ойынының да шымылдығы түріліп, бірнеше топ қаланың тарихи ғимаратттарына қатысты қойылған жасырын сауалдарға жауап іздеді. Қатысушылар беймәлім ғимараттарды табу үшін жан-жаққа аттанды. Жасыл ел командасы туристерше бағыт-бағдарды анықтау байқауынан бірінші болып оралып, сұрақтардың барлығына дұрыс жауап беріп, ең үздік команда атанды. Қала тұрғындары үшін тағылымы мол бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.