0:00 / 0:00
Батыс Қазақстандық шаруалар 60 мыңға жуық асыл тұқымды мал өсіруде. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 25,1 пайызға көп, яғни мал саны 47 мыңға артқан. Сала мамандары асыл тұқымды мал шаруашылығы Ақжайық пен Теректі ауданында кең қанат жайғанын айтады. Мемлекет асыл тұқымды мал өсіріп отырған кәсіпкерлерге 2018 жылы 481,3 млн теңгедей қаржылай қолдау берген. Ал, өткен жылы 241 өндіруші 602 млн. теңге көлемінде субсидия алған.
Бұл-Қанат Дакешев. Ол 2014 жылы Теректі ауданында жер алып, мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Кәсіпкер өткен жылы көрші Ресейдің Брянск облысынан 60 бас сүтті сименталь тұқымды сиыр алып келген. Осылайша, шаруа асыл тұқымды ірі қара өсіруді қолға алыпты.
Жалпы БҚО 58 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара мал бар. Олардың 20 мыңы зеңгі баба тұқымы. Сала мамандары өңір шаруалары етті, етті-сүтті, сүтті бағыттағы кәсіптерін дөңгелентіп отыр,- дейді. Асыл тұқымды ірі қара Ақжайық пен Теректі аудандарында көп шоғырланған.
Ата кәсіпті жандандырған кәсіпкерлердің аяққа тұрып, кәсібін дөңгелентуі үшін мемлекет беретін субсидияның маңызы зор. Сала мамандарының келтірген дерегі бойынша өткен жылы 241 тауар өндіруші 602 млн. теңге көлемінде қаржылай көмекке ие болыпты. Бірақ, субсидияның жыл сайын өзгеріске ұшырайтынына шаруалардың көңілдері толмай отыр. Олар кәсіпті дөңгеленту үшін кем дегенде 5-10 жылдай талап өзгермесе,- дейді.
Биыл да ауыл шаруашылық министрлігі мемлекеттік қолдаудың ережесін өзгертпекші. Субсидияның төлену тәртібі жыл сайын құбылады. 2020 жылы министрлікпен асыл тұқымды ірі қара малын сатып алуда өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Яғни, жеке кәсіпкер ТМД елдерінен етті бағыттағы малдың аналығын сатып алса, оған төленетін сомма 225 мың теңгеден, 150 мың теңгеге дейін төмендемек. Ал, шаруа ірі қара малды Еуропа, АҚШ пен Австралиядан әкелетін болса, төленетін демеу қаржының құны артпақшы.