0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысында 351 бала құлағының мүкістігіне байланысты есепте тұр. 53 бала Алматы қаласында ота жасатқан. Сала мамандары жыл сайын құлағында кінәраты бар балалардың саны артып келе жатқанын айтады. Бұның бір себебі- әйел адам жүкті болған кезде тұмаумен ауруы немесе жөн-жосықсыз дәрі ішуі болып отыр. Дәрігерлер жасөспірімдер арасында құлаққаптарды көп пайдаланудың кесірінен есту қабілетінің нашарлауы жиілегенін айтады.
3- наурыз- құлақ және есту қабілетін қорғауға арналған арнайы күн ретінде бекітілген болатын. Осы датаға байланысты облыстық балаларға арналған көпбейінді аурухананың қабырғасында арнайы ашық есік күні өтті. Шара барысында дәрігерлер балаларды тексеріп шықты. Дәрігерлер жыл санап есту қабілеті нашарлап келе жатқан балалардың саны артып келе жатыр,- дейді. Мұның себебін ақ халатты жандар былай деп түсіндіріп отыр.
Қазіргі таңда облыста 351 бала құлағының кемістігі бойынша арнайы есепте тұр. Мамандар баланың құлағын қарау төрт кезеңде жүзеге асыратындығын айтады. Дәрігерлер перзентханада сәби дүниеге келген 5 күннің ішінде алғаш рет тексерістен өткізуі керек. Сала мамандары бір жасқа дейін баланың есту қабілетін 4 мәрте тексереді.
Бүгінгі ашық есік күнінде баласын дәрігерге жетектеп келген ананы сөзге тарттық. 11 жастағы ұлым басым жиі ауырады деп шағымданғандықтан ақ халатты жандарға көрініп, денсаулығын тексеру үшін келдім,-дейді ана. Сала мамандары арнайы құрылғының көмегімен ортаңғы құлақтың қалып-күйін тексеріп, құлақтың дыбыстарды қалай еститіндігін саралап шықты.
Сала мамандары баланың есту қабілетінің нашарлауын уақытылы анықтау үшін тезірек дәрігерге қаралып, жасөспірімдерге құлаққапты сирек пайдалануға кеңес береді. Сәбидің құлағында кінәраты бары неғұрлым ерте анықталса, емі де соғұрлым нәтижелі болмақ. Егер екі жасқа келген балаңыздың кейбір әріптерге тілі келмесе дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз абзал!