Соңғы уақытта Орал қаласында темір тұлпарлардың жоғалу фактісі көптеп тіркелуде. Шаған полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Круглоозерный ауылының 1994 жылы туған тұрғыны ұсталды. Жауап алу кезінде ол Орал қаласы және Зашаған ауылы аумағында 9 автокөлік ұрлағанын айтып, мойындады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, көлік ұрлаушы автокөліктерді түнгі сағат 23:00-ден кейінгі уақытта айдап әкетіп отырған. Яғни ол автокөліктердің терезесін сындырып, жанар-жағармайы таусылғанша айдап, кейін келесі көлікке ауысып отырған. Қылмыскер бір түнде 2 автокөлік ұрлаған екен. Алайда көліктің бірде-бір нәрсесіне тиіспеген. Қазіргі таңда айдап әкетілген көліктер иелеріне қайтарылды.