0:00 / 0:00
Мүгедектердің жүріп-тұруына жағдай жасалмаған нысандардың тізімі анықталуда. Бұл жұмыстарды «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары мен қаладығы үкіметтік емес ұйым өкілдері қолға алып отыр. Арбаға таңылған адамдарға арнайы баспалдақ орнатпаған ғимарат иелері енді жауапкершілікке тартыла бастайды. Әкімшілік Кодекске өзгеріс енгізілгенін ескерсек, кәсіпкерлерге өз нысандарына мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп тұруына жағдай жасауы үшін міндеттеуге толықтай негіз бар. Тіпті, дер кезінде шара қолданбаса әкімшілік жауапкершілікке тартылады. «Арба» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Гүлмира Батпақұлованың айтуынша шаһардағы соңғы уақытта жұмысын бастаған медициналық мекемелерде мүгедектердің еркін кіріп шығуына жағдай жасалмаған.Мүгедектер тарапынан ұсыныстар көп. Бүгінгі заңға сәйкес олардың шағым түсіруге, талап қоюға құқы бар. Облыс орталығындағы орталық көше бойындағы 6 нысанға бет бұрған топ бірқатар кедергіге тап болды.Биік баспалдақ, қолайсыз кіре-беріс арбаға таңылған адамдарға үлкен кедергі. Әкімшілік Кодекске енгізілген оң өзгерістер - кедергісіз кеңістіктің кепілі болмақ. Яғни, қамкөңіл жандарға қамқорлық танытпаған қалталы азаматтар мен мемлекеттік мекеме өкілдері әкімшілік жазаға тартылады.