Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Ақтүтек боран

c 19:46, 23/01/2020 c 826

0:00 / 0:00

Ақтүтек боран күшейіп жатыр. Жел екпіні секундына 23 метрге дейін күшеюі мүмкін деп болжам отыр төтеншеліктер. Нұр-Сұлтанда ақталқан боранның салдарынан мектептерде сабақ болмай, әуежай қатынасында 11 рейс  тоқтатылып, 38 рейс кешіктірілді.Қала сыртына жолдар жабылды. Тіпті құтқарушылар Нұр-Сұлтанда қатты боранның соғуына байланысты елордада төтенше жағдай режимін енгізуді ұсынды. Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов боранды күндері қауіпсіздік шарасын қамту үшін құзырлы орган басшыларымен  шұғыл жиын өткізді.

Биылғы қыс аязы жоқ, жұмсақ болды деп отырғанда. Ақпанда ақыртып соғатын боран қаңтарда ес жиғызбай жатыр.  Қазгидрометтің мәліметінше, алдағы үш күнде осы ауа райы сақталады. Басым бөлігі Ресей және Скандинавианың солтүстік аймақтары арқылы жылжитын атлантикалық циклондармен байланысты атмосфералық фронттардың ықпалында болады. Сондықтан көптеген облыстарда қар, бұрқасын, екпінді батыс желі, солтүстік облыстарда желдің күші секундына 30 метр жетуі мүмкін. Тіпті,  тұман және көктайғақ күтілуде. Тентек қыстың ақтүтек бораны еліміздің 9 облысының 48 учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалысты жабуға әкеп соқты. Төтеншеліктер мен полиция күшейтілген режимді жұмыс істеп жатыр. Табиғаттың тосын сыйынан сақ болу ескертілуде. Азаматтарға алыс жолға шықпауға кеңес берілді. Тоқтаусыз жауған қар қала ішіндегі жолдарды тазалауға мұрша бермей жатыр. Қала ішінде қар құрсауынан шыға алмай қалған  қоғамдық көліктер тұрып қалды. 60 –н астам жол-көлік оқиғасы орын алды. 30-ға жуық адам құтқарылды. Елорда әкімі Алтай Көлгінов тұрғындардан «қар тазалап үлгермей жатсақ, сабырлық танытыңыздар» деп өтінді.

Осы түні толассыз жауған қарды тазалап үлгермей жатқан коммуналдық қызметтің күшімен 30 мың текше метр қар шығарылған. Құтқарушылар Нұр-Сұлтанда қатты боранның соғуына байланысты астаналықтардың жұмыс күнін қысқартуды ұсынды.

Бауыржан Сыздықов – Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД басшысы; "Тұрғындарға қала сыртына шықпауға кеңес береміз. Барлық бизнес-құрылым, ұйымдар, оның ішінде құрылыс ұйымдарына әсіресе биіктіктегі жұмыстарды орындаудан бас тартуға және жұмыс күнін қысқартуға кеңес береміз. Азаматтарға аса қажеттілік болмаса, автокөлікпен жүрмеуге кеңес береміз. Алтай Сейдірұлы, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы аймағында төтенше жағдай режиміне көшуді ұсынамын».   

Бұл орайда, өрт сөндіру қызметі, полиция, төтенше жағдайлар департаменті, жедел медициналық жәрдем және коммуналдық қызметтер жұмысын жалғастыра беретін болады. Ақтүтек боранның салдарынан елорда әуежайында   38 рейс кешіктіріліп, 11 рейс тоқтатылды.  Себебі, желдің қатты екпініне байланысты, ұшу қауіпсіздігі мақсатында әуе кемелерін мұздануға қарсы сұйықтықпен өңдеуге жол берілмейді. Боранда ит пен бала құтырады деп, елордалықтар әлеуметтік желіде өздері түсірген суреттері мен бейне түсірілімдерін жарыса жариялап жатыр.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.