Биыл қыс мезгілі жылы болғандықтан, тұмау мен респираторлы-вирустық дерттің асқынуы өткір тұр. Дегенмен, облыста эпидемиологиялық ахуал - қалыпты, - дейді БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары. Өткен жылдың қазан айының 1-нен басталған эпидемиологиялық маусым, биылғы жылдың ақпан айының соңына дейін жалғаспақ көрінеді. Осы кезеңде аймағымызда 7 мыңға жуық респираторлық вирустық жұқпа тіркелген екен. Оның 70 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар алқымдайды. Бір қуантарлығы- аталған дерт салдарынан тіркелген өлім-жетім дерегі жоқ. Бүгінгі күні РФ-нан сатып алынған тұмауға қарсы вакцинамен 70 мың өңір тұрғыны егіліп отыр. Сала мамандары: "- Ауа райының бір жылып, бір салқындауынан тұрғындар жеңіл киініп, өздері де аурудың өршуіне «мүмкіндік жасайды». Иммун жүйесінің әлсіздігінен олардың ағзасы дертпен күресуде дәрменсіз. Сондықтан, иммунитетті көтерудің барлық шарасын қарастырып жүрген артық болмайды", — дейді.