0:00 / 0:00
Депутаттар Күнделік.кз жобасын сынады. Өздеріңізге мәлім, еліміздің орта білім беру ордалары электронды күнделікке көшті. Енді оқушылардың бағасы бұрынғыдай қағаз күнделікке емес, электронды күнделікке қойылады. Ата-ана мобильді қосымша арқылы баласының бағасын қадағалайды. Алайда, электронды күнделікке қатысты қоғам тарапынан наразылық туып отыр. Себебі, бағаны бақылап, мұғалімнің ескертпелерін қарау үшін бұл қызмет түрі ақылы. Депутаттар тегін білім беру жүйесінде ақылы қызмет қайдан келді деп, білім министрі Асхат Аймағамбетовті сұрақтың астына алды.
Күнделік.кз сайтында ата-ана мен баланың барлық жеке мәліметтері тіркелген. Сынып жетекшілері үшін екінші жұмыс болды. Олар оқушылардың алған бағасын сайтқа жүктеп отырады. Үй тапсырамсын да осы жерден табасың. Заман талабына сай балаңыздың оқу үлгерімін электронды түрде бақылап отыруға мүмкіндік бар. Тіпті оқушының бағасы, жетістіктері, үй тапсырмасы айтулы сайтта жарқырап шығып тұрады. Алайда, осы керемет үшін ақы төлеуің керек. Әу баста бұл жоба ұсынылғанда білім министрлігі тегін қызмет деген болатын. Қазір мәлім болғандай, мобильді қосымша арқылы кірсеңіз айына 300 теңге төлеуіңіз керек. Бұл жәйіт ата-аналардың наразылығын тудыруда.
Депутат Перуашев, министрге елімізде тегін білім беру Ата заңмен бекітілгенін еске салды. Сөйте тұра ақылы күнделік қызметін енгізудің қажеті қанша деп сынады.
Азат Перуашев – ҚР парламент мәжілісінің депутаты; «Тегін білім беру Конституциямен бектіліген.Неге бізде күнделік қызметі ақылы.Ол жерде ата-аналар балаларының бағасын салыстыру үшін, мұғалімнің ескертпелерін қарау үшін тегін кіре алмайды. Оның не қажеті бар? Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Бұл ата-аналардың шағымы»
Айта кету керек күнделік.кз жобасы ресейлік «Дневник .ру» компаниясының өнімі. Депутаттар Ресейдің мұндай ақылы жобасының керегі жоқ . Ресейде де қосымшаның жұмысына қатысты наразылық көп деп даурықты. Өз кезегінде палата төрағасы білім министріне ата-аналар үшін тегін спектерді кеңейту керек екенін айтты. Компаниямен сол мәселені талқылауға кеңес берді.
Нұрлан Нығматулин – ҚР парламент мәжілісінің төрағасы; «Бұл компания тегін жұмыс істегісі келмесе керек емес, нарықта басқа да компаниялар бар. Соларды шақырыңдар. Нарықта жалғыз сол компания деп ойламаймын. Ата-аналар мен педагогтардың өтінішін ұмытпаңыз»
Еліміздің бас мұғалімі депутаттардан естіген ескертулерді пысықтайтынын айтып құтылды.