0:00 / 0:00
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына күніге 800-850 шақырту түседі. Олардың басым бөлігі, яғни 600-650 шақырту қала аумағындағы шақыртулар. Жедел жәрдем көмегіне жүгіну биыл айтарлықтай өскен. Соның ішінде жол-көлік оқиғасы бойынша шақырту 19,3 пайызға көбейіп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мамандары мәлім етті. Жыл басынан бері жедел медициналық жәрдемге жүгінген 251508 тұрғынға көмек көрсетілген. Өсу қарқыны алдыңғы жылдың есебімен салыстырғанда 3,3 пайызға көбірек. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы директорының міндетін атқарушы Мадияр Өтешевтің айтуынша, шақыртулардың 50 пайыздан астамы шұғылдылығы 4 санаттағы шақыртулар болады екен. Бұл санаттағы шақыртулар шұғыл медициналық көмек бөлімшелерінің бригадаларымен атқарылады.
Биылдан бастап бірыңғай Саll-орталық құрылды. Облыс халқының шақыртулар бойынша барлық қоңыраулары «103» орталық станциясының орталықтандырылған пультіне түседі. Шақыртуларды қабылдау және жіберу АДИС ақпараттандырылған жүйесі арқылы автоматтандырылған режимде жүргізіледі. «103-ке» түскен барлық шақыртулар шұғылдылығына қарай 4 санатқа бөлінеді. Шұғылдылығы 1-3 санатқа жататын тыныс алудың, жүректің тоқтауы, ес-түссіздік, талма, қансырау, күйік, төтенше жағдай сынды шақыртуларға облыстық жедел медициналық жәрдем станция бригадалары қызмет көрсетсе, шұғылдылығы 4 санатты шақыртуларға шұғыл бригадалар барады. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы жарағында 72 санитарлық автокөлік бар. Бірақ, олардың 64 пайызы ескірген. Осы ретте келер жылы республикалық бюджет есебінен 20 реанимобиль алу көзделіп отыр. Жергілікті бюджеттен қосымша 20 УАЗ алынбақ. 10 ай ішінде «103» пультіне 1019 жол қозғалысы оқиғасы бойынша шақырту түскен. Жол-көлік оқиғаларынан 1532 адам зардап шеккен. Бұл өткен жылдан 21,7 пайызға көп. Соның ішінде зардап шеккен сәбилер 28,6 пайызға көбейіп отыр. Қала бойынша Н.Назарбаев даңғылы, Әбілқайыр хан даңғылы мен Карбышев көшесінің қиылысы, Деркөл ауылы бағытындағы «Белеая Казарма» , Зачаганск кентіндегі «Жазира» аялдамаларының маңында жиі жол-көлік оқиғасы болатын көрінеді. Бұл ретте денсаулық сақута саласы мамандары тарапынан Полиция департаментіне, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне шаһар аумағындағы жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарына назар аудару ұсынылып отыр.