0:00 / 0:00
Орал қаласында облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған мониторингтік топ екі аптаның ішінде 800-ге жуық олқылықты анықтады. Бұл туралы шаһар басшысының орынбасары Мирас Мүлкәй мәлімдеді. Қазіргі таңда қала аумағында шаһардың кескін-келбетіне, оның абаттандыруын қадағалайтын 20 топ бар. Оның құрамына әкімдік қызметкерлері, қалалық мәслихаттың депуттатары мен волонтерлер кіреді.
Облыс әкімінің пәрменінен соң, Орал қаласында арнайы 20 мониторингтік топ құрылды. Олар қаланың кескін-келбеті мен абаттандыруылуын қадағалап, тұрғындарды толғандыратын сауалдарды анықтаумен айналысады. Күні бүгінге дейін аталмыш топ шаһар аумағында 800-ге жуық олқылықты анықтап үлгерген.
Мониторингтік топтың жұмысын жіпке тізген қала әкімінің орынбасары қараңғы мезгілде ғимараттарды жарықтандыру мәселесіне де кеңінен тоқталды. Қазір облыс орталығында 19 мыңнан астам жарықтандыру нүктелері бар.
Сондай-ақ, қала тұрғындарының абаттандыру мәселесіндегі арыз-шағымын тіркеу үшін "Айкөмек" бағдарламасында жаңа жоба іске қосылды. Яғни, 8-700-4-109-109 телефон нөміріне олқылықтарды фотоға немесе бейнежазбаға жазып, жіберуге болады.