0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысында жол көлік оқиғалары көптеп тіркелуде. Биылғы жылдың 9 айында облыс аумағында 226 апат болып, соның кесірінен 78 адам қайтыс болып, 300-ге жуық батысқазақстандық түрлі дене жарақатын алған. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов мәлімдеді. Генерал жолдағы апаттың көптеп тіркелуіне бірнеше мәселе себеп болып отыр,- дейді. Атқарушы билік бейбіт күнде азаматтар темір тұлпардың кесірінен опат болмауы үшін қандай жұмыстарды қолға алмақ?
Генералдың келтірген дерегіне сүйенсек, 2019 жылдың тоғыз айында 221 жол көлік оқиға болған. Апаттың кесірінен 78 адам қаза тапқан. Жол көлік оқиғасының көптеп тіркелуіне бірнеше себеп бар.
Биылғы жылдың тоғыз айында төрт түліктің қатысуымен 75 жол көлік оқиғасы тіркеліпті. Салдарынан 2 адам қайтыс болған. Өткен жылы аталмыш санаттағы 7 оқиға болған. Құқық қорғаушылар жол көлік оқиғасына себепкер 26 жануарлардың иесі тапты. Бірақ, 46 ірі қара кімге тиесілі екендігі белгісіз. Себебі, оқиға орынында шаруалар төрт түліктің сырғасын алып тастайтын көрінеді. Осыған байланысты аймақ басшысы аудан әкімдеріне ескерту жасады.
Полиция департаментінің бастығы қыста жол көлік оқиғалары көбею мүмкін деп дабыл қағуда. Қысты күні республикалық, облыстық тас жолдар қардан уақытылы тазартылмай, көктайғақта темір тұлпарлар тұралатын тұратыны жасырын емес. Жиында сөз алған республикалық маңызы бар тас жолдарға жауапты «ҚазАвтоЖолдың» өкілі жолдарды тазартуға техникамыз жетпейді деп баяндады.
Жол көлік оқиғаларын азайтуға байланысты ұйымдастырған жиында шаһар басшысы қаладағы жағдайды баяндады. Қараңғы кезде жаяу жүргіншілер белгісі көрінбей, көліктер тұрғындарды қағып кетіп, денсаулығына зиян келтіретін жағдайлар жиі кездесіп отырады. Осыған байланысты облыс әкімі шаһар басшысына жаяу жүргіншілер жолағын көптеп жарықтандыруды тапсырды.