0:00 / 0:00
Ел бизнесмендері елордада бас қосты. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының VI Съезінде палатаның атқарған жұмысы, жаңа мақсатты даму моделі мен бизнестің түйткілді мәселелері талқыланды. Айтулы жиынға кімет басшысы Асқар Мамин қатысты. Съезд барысында Ұлттық палата қаржыландырудың қолжетімділігі және отандық кәсіпкерлердің сатып алуға қатысу арқылы импортты алмастыру, Агроөнеркәсіп саласында субсидиялардың төленбеуі секілді мәселелер сөз болды.
Doing Business рейтингіне сүйенсек, Қазақстан бизнесті дамыту саласында 26 орында тұр. Бұл 190 мемлекеттің рейтингісі аясындағы көрсеткіш. Дегенмен, елдегі бизнестің көрінісі әлі де болса дамуды, мемлекеттік қолдауды қажет етуде. Бизнес қауымдастығы бас қосқан бұл жиында да кәсіпкерлікті дамыту жолдары күн тәртібінен түскен жоқ. Бизнесмендердің жиынына қатысқан премьер-министр Асқар Мамин отандық өнім өндіруді арттыру үшін, өңірлердегі кәсіпті дамыту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Үкімет басшысы кәсіпкерлікті дамытудың тағы бір бағыты-тұрғын үй құрылыс саласы деді.
Асқар Мамин – ҚР үкімет басшысы; «Кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін тағы бір бағыт - тұрғын үй саясатын жүзеге асыру. 10 жыл ішінде біз тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша 6,4 трлн теңге бөлінді, қазір жоба дайын. Бұл тұрғын үй мәселелерін шешіп, құрылыс саласының дамуына жаңа серпін береді. Нәтижесінде, экономиканың осы секторы есебінен тұрақты өсім қалыптаспақ. Жалпы, Үкімет бизнесті одан әрі дамыту және барлық проблемаларды шешу бойынша бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыра береді».
Бүгінде қазақстандық кәсіпкерлер несиеге байлаулы. Қандай да бір іс бастау үшін екінші деңгейлі банктердің пайыздық көрсеткіші шарықтаған несиесін алады. Кәсібі жүрмей жатса, қайтарымы бар несие проблемаға айналады. Ал мемлекеттік субсидиялар кәсіпкер үшін үлкен қолдау. Бірақ оның өзі әсіресе ауыл шаруашылық саласындағы кәсіпкерлерге дұрыс үлестірілмей отыр. Бизнес қауымдастығының басшысы бүгінде тұтынушылық несие алу көбейгенін айтады.
Тимур Құлыбаев – «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы; «Тұтынушылық несие алу өсті. Алайда, жалақы өспей отыр. Бизнесті қаржыландыру, қаржы қолжетімділігі Үкімет пен Ұлттық банкпен жан-жақты талқыланса, бизнес қауымдастығына жеткіземіз».
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы цифрландырудың көмегімен елдегі миллиондаған кәсіпкер үшін тиімді институт болуды көздеп отыр. Кәсіпкерлерге мемлекеттік органдардың есігін тоздырудың қажеті жоқ, үйде немесе кеңсесінде отырып-ақ іс тындырады. Цифрландырудың бір құдіреті-уақыт үнемдейсің.Қазір палата кәсіпкерлік субъектілерінің бірыңғай бизнес-тізілімін құрып жатыр. Тізілім мемлекеттік органдардың дерекқорымен үйлестіріледі. 2020 жылдың екінші тоқсанында іске қосылуы мүмкін.