0:00 / 0:00
Орал қаласында тұңғыш рет халықаралық білім көрмесі өтті. Аталмыш көрмеге 13 мемлекеттен келген 40 шақты білім ордалары өздерінің бағдарламаларын таныстырды. Шара барысында оралдықтар шетелдік университеттің өкілдерімен тілдесіп, грантқа ие болудың талаптарын білді.
Қазақстанның өзге қалаларында 4- мәрте ұйымдастырылған халықаралық білім көрмесі алғаш рет Ақ жайық өлкесінде өтті. Білім көрмесіне 13 мемлекеттің 40 шақты университеттері оралдықтарға білім бағдарламаларын таныстыруда.
Биылғы жылы 200 еуропалық университет 20 мың қазақстандыққа арнап, білім грантын ұсынған. Әрбір шетелдік оқу ордасының талапкерге жүктеген міндеті әртүрлі. Мәселен, Чехияның білім ошақтары мемлекеттік тілді жетік меңгерсеңіз, талапкерлерді мемлекеттің есебінен тегін оқытуға дайын.
Шетелдік оқу ордаларының көрмесіне келген оралдықтардың да қарасы қалың. Олардың дені жоғарғы сынып оқушылары. Болашақ талапкерлер қазірден бастап, оқу ордаларының талаптарын тыңдап, грант жеңіп алуға үмітті. Оқушылар осындай шаралар көптеп ұйымдастырылса екен деген тілектерін де айтып отыр.
Қазіргі таңда 150-мыңнан астам қазақстандық шетелдік университеттерде білім алуда. Сарапшылар, 2025 жылға қарай шетелде білім алатын жандардың саны 400 мыңға дейін артады деп болжам жасап отыр.