0:00 / 0:00
«Мұғалімдердің жалақысы төрт жылда екі есе көбейеді» Бұл жайлы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен ҚР Білім жəне ғылым вицеминистрі Шолпан Каринованың Оралдағы №47 мектепте педагогтармен кездесуінде айтылды. Жиында сонымен қатар мұғалімдер мәртебесі туралы заңының болашақта қабылданатыны туралы да сөз болды. Ұстаздар қауымымен жүздесуден соң делегаттар Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да болып, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері жəне кəсіпорын басшыларымен кездесті. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған топ алдымен мектептегі үйірмелер жұмысымен танысты. Бүгінде білім ошағында 1774 оқушы 8 түрлі спорттық үйірмеге келіп, бос уақыттарын ұтымды пайдаланады. Кейін шаһар мектептеріндегі ұстаздар қауымымен өткен жиында білім беру саласындағы бірқатар орын алып жатырған мәселелер атап өтілді. Мәселен мектеп ұжымы мен ата-ана арасындағы байланыс əлсірегенін, мектептер түлектерімен байланыстың нашар екенін де тілге тиек етілді. Жиында Шолпан Каринова білім саласында жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде баяндады. Еліміздегі мектептерде сабақ беретін 123 мыңнан астам мұғалім жаңа жүйе санаттары бойынша аттестаудан өткен. Мемлекет басшысы тапсырмасына сəйкес, мұғалімдер жалақысы төрт жылда екі есе көбейеді. Мектептерде жас мамандарға тəлімгер болып бекітілгендерге, сынып жетекшілігіне, дəптер тексеруге байланысты қосымша ақы төленеді. Мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің еңбек демалысы уақыты, еңбекақысы мөлшері мектеп мұғалімдердікімен бірдей болмақ.Үкімет мүшелерімен кездесуде педагог мамандар үш ауысымды жəне апатты мектептерді жою, мүгедек балаларға білім беретін ұйымдарға қажет мамандарды тартып, мектептердегі əдістемелік кабинет қызметкелерінің жалақысын көбейту мəселелері көтерілді. Бұдан соң делегаттар БҚАТУ-да зиялы қауым өкілдерімен кездесті. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өңіріміздегі жұмыс сапарының мақсаты - мемлекеттік бағдарламаларының тиімділігін түсіндіру, тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдау деп атап өтті облыс әкімі Ғали Есқалиев. Жиында сөз алған облыстық аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина отбасындағы əке рөлін арттыруға қоғам болып көңіл бөлу керектігін айтты. Бұдан бөлек мінберге шыққан Қадыр Мырза Əли атындағы мəдениет жəне өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла Ақ Жайық өңірінен шыққан, ақын Жұбан Молдағалиев мерейтойын халықаралық жəне республикалық деңгейде өткізіп, Алматыда еңселі ескерткіш орнатуды ұсынды.