0:00 / 0:00
БҚО - да көлік салығы бойынша 10 борышкер 20 миллионнан астам теңге мемлекетке қарыз. Бұдан бөлек тұрғындардың көлік салығы бойынша берешегі - 464,4 миллион теңгені құрайды. Өңірде барлығы 16 мыңнан астам салық төлеуші тіркелсе, олардың мемлекет алдындағы қарызы - 342,3 миллион теңге. Және өсімпұл қаржы - 122 миллион теңгеден асады. Батыс Қазақстан облысының борышкерлері тізіміне көз салсақ, ең қарызы көп борышкер - Мария Сирик. Ол 2003 жылдан бастап "Mersedes Benz 210" маркалы автокөлігі үшін 4,2 миллион теңге салық төлемеген. Екінші орынды - Вячеслав Горелов оның үш тіркелген автокөлігі бар, мемлекетке 2,7 миллион теңгеден астам қаражат берешек. Борышкерлер негізгі қарызды өтеген жағдайда салық амнистиясын пайдалана алады, онда оларға өсімақы бойынша берешекті есептен шығарылады. Жеке тұлғаларға рақымшылық жасау аясында облыстың 676 салық төлеушісіне қатысты - 7 085,1 мың теңге сомасына өсімпұл есептен шығарылған.