0:00 / 0:00
Еліміздің ішкі істер органдарында ондаған жыл табанды еңбек еткен милиция генерал-майоры, ардагер Өмірзақ Болсанбеков Орал қаласындағы "Шабыт" балалар аула клубының бүлдіршіндерімен кездесті. Талай жыл бойы қоғамдық тәртіпті сақтап, ел үшін тер төккен ардагермен естелікке суретке түскен балалардың қарасы қалың болды.
Саналы ғұмырын қоғам тыныштығын күзету мен қанды қол қылмыскерлерді құрықтауға арнаған милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсанбеков Оралдық бүлдіршіндермен кездесті. Қазіргі таңда зейнет жасына шықса да, көпке үлгі болып жүрген ардагер өскелең ұрпақпен жүздесіп, спортпен шұғылданудың, уақытты босқа өткізбей өз-өзіңді дамытудың маңызына тоқталып, кеңелі кеңестерімен бөлісті.
Атақты генералмен жүздескен бүлдіршіндер "Шабыт" балалар аула клубының тәрбиеленушілері. Қазіргі таңда аталмыш аула клубында 120 -ға жуық бала бар. Олар 5 үйірмеде өнерлерін шыңдап, білімдерін толықтыруда. Сала мамандары құқық қорғау саласында ондаған жыл жұмыс жасаған ардагерлермен кездесудің маңызы зор деп отыр.
Шара соңында алыстан ат терлетіп келген генерал өнерлі өрендерге сыйлығын табыстап, естелікке түсіп, құқық қорғау саласында қызмет жасауды армандап жүрген балаларға батасын берді.