0:00 / 0:00
Енді допингке қарсы қағидаларды бұзған спортшылар жарыстан шеттетіліп, құрама және штаттық командалар құрамынан шығарылады, бұдан бөлек баспанасы мен сыйақысын қайтарады. Ал допинг үшін 200 АЕК айыппұл салынады. Бүгін Парламент Мәжілісі спортшыларға қойылатын талаптар күшейтілген заң жобасын мақұлдады. Мәжілістің жалпы отырысында дене шынықтыру және спорт мәселелер туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралған еді.
Тек 2019 жылы допинг қолданған 30 спортшымыз анықталды. Өздеріңізге мәлім, әлем чемпионатында алтын медальды қанжығасына байлап келген әйгілі спортшыларымыздың допинг қолданғаны мәлім болып, дау туындаған болатын. Бұл үрдісті тоқтату үшін, спортшыларға қойылатын талап күшейтілген заң қабылданып отыр. Енді спорт туралы заңнамаға сәйкес, допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін спорттан шеттету, спорт нәтижесін жою, ай сайынғы төлемді тоқтату, құрама және штаттық командалар құрамынан шығару, спорттық атақтан, спорттық разрядтан, баспана мен ақшалай сыйақыны қайтару сияқты шаралар көзделген. Спортшының допинг қоланғаны анықталса, ол үшін жауапты жаттықтырушыдан бастап, дәрігеріне дейін әкімшілік жауапқа тартылатын болады. Допинг үшін 200 АЕК немесе 505 000 теңге айыппұл салу көзделіп отыр.
Серік Сәпиев – ҚР мәдениет және спорт министрлігінің комитет төрағасы: «Спортшылары допинг қолданатын елдердің имиджіне нұқсан келеді. Сәйкесінше, тиісті санкция қабылданады. Бізде ауыр атлеттер донингпен ұсталды. Бұрын 8 лицензия берсе, қазір біздің елге 2 лицензия ғана беріп отыр»
Наталья Жұмаділдаева – ҚР парламент мәжілісінің депутаты: «Бұл заңның бұған дейін бұзушылық жасағандарға қатысы жоқ. Тек осы заң қабылданған соң ғана допинг алған спортшыларға талап күшейтіледі. Біріншіден, спортшы атағынан айырылады, спорттық разрядтан және біліктілік санатынан айырылады, ақшалай сыйақыны қайтарып береді, пәтерін де қайтаруға тура келеді».
Жеңіл атлеттен Олимпиада чемпионы, желаяқ , депутат Ольга Шишигина осындай келеңсіз жағдайға тап болған спортшылар материалдық шығыннан гөрі, моральдық тұрғыдан қысым көреді дейді.
Ольга Шишигина – ҚР парламент мәжілісінің депутаты: «Бұл психологиялық тұрғыда спортшыға қатты әсер етеді. Бұл жерде материалдық шығынға батқаны ары тұрсын, психологиялық тұрғыдан қолдаусыз қалады. Елдің даңқын арттырып, алақанға салып мақтан еткен спортшы бірден осы жағдайға тап болып, сүрінген сәтінде әсіресе басқарма жағынан спортшыларды аяққа таптау, кеудеден итеру, теріс бұрылып кету орын алып жатады».
Мәжілісмендер допингке қарсы күресті күшейткен аталмыш заң жобасын бірауыздан мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді. Бұл заң жобасы мәжіліс қоржынына келіп түскенде, спортшыларды допинг қолдануға мәжбүрлегені үшін бапкерлер мен спорт дәрігерлеріне салынатын айыппұл көлемін спорт министрлігі 50 АЕК мөлшерінде көрсеткен болатын. Алайда, депутаттар мұны тым төмен деп, айыппұлдың көлемін 200 АЕК бекітті.