0:00 / 0:00
Облысымызға қарасты Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей Ордасы және Бөрлі аудандарында бүгінде мал ұрлығы өршіп тұр. Бұл жайында БҚО өңірлік коммуникация қызметі ұйымдастырған брифингте БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов хабарлады. Сонымен қатар өңірдің бас тәртіп сақшысы аймақта қылмыс санының өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға төмендегенін де мәлімдеді. Биыл жыл басынан бері өңірде 6 346 қылмыс тіркелген. Ауыр және аса ауыр қылмыстар саны өсіп отыр. Тіркелген қылмыстың 55,2 %-ы - ұрлық. 8 ай ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 3 518 дерек тіркеліп, соның 1 758-і ашылды, 1722 қылмыстық іс бойынша тергеу мерзімі тоқталды. Департамент бастығы мал иелерінің салғырттығынан полицияның іздеу тобы күш-жігерін, уақытын босқа сарп ететін жағдай көп кездесетінін айтты. Мал ұрлығының 114 дерегінде жайылымда бағымсыз жүрген төрт түліктен көз жазып қалу, 129 факт бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқ болып шыққаны тіркелген. Мәселен, наурыз айында Буршиев шаруа қожалығы 15 бас жылқысынан көз жазып қалып, арада үш ай өткен соң ғана полицейлерге шағымданған. Осы кезге дейінгі түскен шағымдар бойынша жұмыстанған тәртіп сақшылары ұрланған төрт түліктердің тек тең жартысын ғана тауып иелеріне қайтарған. Ветеринарлық анықтама алуда да олқылық бар. Ауылдық елді мекендердегі және Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарындағы мал дәрігерлері заңсыз жолмен ветеринарлық анықтама беруден тыйылар емес. Соның салдарынан ұрлаған мал еті жалған анықтама арқылы тасымалдануда. Мамыр айында «Мал ұрлығы» республикалық жедел профилактикалық іс-шараларын өткізу барысында ет өнімдерін заңсыз тасымалдауға қатысты 6 факт анықталып, кінәлі адамдарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 406- бабына сәйкес 151 500 теңге айыппұл салынды.