0:00 / 0:00
Қоныс тойларын тойлап үлгермеген Мөңкеұлы 85/4 мекенжайының тұрғындары баспанамыз сапасыз тапсырылды деп арнамызға шағымданды. Тұрғындар ақауы көп деп арызданып отырған аталмыш көпқабатты үй өткен жылдың аяғында тұңғыш президент күні мерекесінің қарсаңында табысталған.
Мөңкеұлы 85/4 мекен-жайында орналасқан 9 қабатты баспана құрылысына "Нұрлы жол" бағдарламасымен қазынадан 1 млрд теңге қаражат жұмсалған. Біраз жылдар бойына өзгенің босағасын сағалап, енді ғана жеке шаңыраққа қолымыз жетті-ау деп шаттанған тұрғындардың қуаныш ұзаққа бармады. Ең алдымен жылу есептегіш құралдарынан олқылық анықталып, коммуналды төлем төлеуде қиындықтар туындапты.
Тұрғындар баспана қолданысқа тапсырылғанда-ақ көптеген олқылықтары барын бірден байқағандарын айтады.
Баспанаға жауапты пәтер иелері кооперативінің өкілдері де бұл мәселені мердігерге ескерткен. Алайда әзір еш нәтиже жоқ.
Тұрғындар шағымын үйді салған "Жайықсельстрой" ЖШС-не жолдаған едік. Алайда, мердігер компания қандай да бір ақпарат беруден түбегейлі бас тартты.
Қазынадан млрдтаған қаржы жұмсап, баспананы халықтың қаражатына салған мергідер компания келісімшарт бойынша 2 жыл құрылыстағы олқылықты қалпына келтіруі шарт. Алайда, Мөңкеұлы 85/4 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің тұрғындарын мазалаған сауалдар қашан өз шешімін табатыны уақыттың еншісінде қала бермек.