Көпбалалы отбасылардың балаларына берілетін 5 мың грант конкурсы 5-10 тамыз аралығында өтпек. Осы ретте, бүгінгі күні грант қаражаты трансферт арқылы жергілікті әкімдіктерге берілу үстінде. Атаулы бастама аясында өңірімізге 100 грант бөлініп отыр. Шілде айының 24-і күні облыс әкімдігінде гранттарды бөлу жөнінде комиссия құрылып, аймаққа қажетті мамандықтарды сұрыптау жұмыс сатысында, - дейді бастамаға жауаптылар.
"Қазіргі таңда комссия отырысында гранттарды жеңіп алуға үміткер ретінде тіркелген ЖОО тізімі анықталды. Олар М:Өтемісов атындағы БҚМУ, Жәңгірхан атындағы БҚАТУ , Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Медициналық университеті мен С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті", - дейді БҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова.
Аталмыш грантқа ие болу үшін үміткерлер ең алдымен жылдағыдай негізгі 53 мыңға жуық грантқа республикалық конкурсқа 21-31 шілде аралығында қатысып, бағын сынайды. Сол жалпы конкурс бойынша грантқа ие болмаған көпбалалы отбасыдан шыққан және атаулы көмек алушылар санатындағы талапкерлер қосымша берілген 5 мың грантқа нысаналы гранттар алу үшін тамыздың 5-10 аралығындағы келесі конкурсқа тапсыру үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш бере алады. Бұл арада әкімдіктер гранттарды ҰБТ баллына және грант санына қарай тағайындайды және жеңімпаздардың тізімін жергілікті БАҚ-та жарияламақ.