0:00 / 0:00
2018 жылдан бастап қолданысқа енгізілген "Әскери баспана" бағдарламасы өз жемісін бере бастады. Осы уақытқа дейін аталған бағдарлама аясында БҚО-да әскери борышын өтеп жүрген жүз отбасы армандаған пәтерлеріне қол жеткізген. Бұл бағыттағы игі істер әскерилермен қатар ұлттық қауіпсіздік, шекара қызметі мен ұлттық гвардияның сапында қызмет атқаратындар үшін де қол жетімді.
"Әскери баспана" бағдарламасы жүзеге асырыла бастағанына көп уақыт болған жоқ. Мақсат, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту. Биылдың өзінде бағдарлама бойынша баспаналы болуға ниет білдіргендерге 59 миллиард теңге несие қаржысы қарастырылған. Соның нәтижесінде еліміз бойынша 3500-ден астам әскери қызметтегілер тұрғын үй мәселесін жақсартқан. Солардың 100-і батысқазақстандықтар. Биыл аталған бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілген. Бұл жаңалық баспаналы болудан үміткерлер үшін тиімділігін көрсеткен.
Әскерилерге арналған бағдарлама бойынша қоныс тойын тойлаған жандардың бірі- Ғабит Ғалиев. Ол 2010 жылдан бастап, келісімшарт арқылы әскери қызметте өзінің азаматтық борышын өткеріп жүр. Кейіпкеріміз "ай сайынғы жалақыдан бөлек, мемлекеттік төлем алып келемін. Бір адамға шаққанда төлем құны 19500 теңге. Бұл қаражат мен сияқты пәтерін несиеге рәсімдеген әскери қызметшінің аталмыш төлем қарыз төлеміне толық жетеді"- дейді.
Әскери баспанаға қол жеткізу үшін бастапқы пәтер бағасының 15 пайыздық құнын жинау қажет. Ал, несиенің өсімқұны 8 пайызды құрайды. Аталмыш бағдарлама арқылы баспананы жаңадан салынған үйлерден, немесе екінші деңгейлі нарықтан да таңдауға болады. Ал, таңдаған пәтеріңізді 19 жылға дейін несиеге рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Банк мамандары әскери қызметкерлерге арналған баспанаға өтінішті қабылдау келесі жылы да жалғасатындығын айтады.