0:00 / 0:00
Оралдағы 5517 әскери бөлімінің қызметкерлері ҰОС ардагерін ерекше жағдайда құттықтады. 105 жасқа толып отырған Семен Данилин Курск иінінде болған сұрапыл шайқастың алдыңғы шебінде болды. Украина мен Польшаны азат етуге де атсалысты. Азаттық жолында жанын аямаған ардагер төсек тартып жатса да әскери сала қызметкерлерін көргенде жанарынан от жанып, қарсы алды. Ұлттық ұлан ардагері Семен Данилин биыл 105 жасқа толып отыр. Бөлім қызметкерлері бүгінде жүріс-тұрысы қиындаған қарияның үйінің ауласына келіп, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен соғыс кезіндегі әндерді шырқады. Қарияның көңілін көтеруге сардарлардың балаларынан құралған хор ұжымы да атсалысты. Жорық жолын Днепропетровскідегі минометшілер полкінің құрамында бастаған Семен Данилин кейін Сталинград майданына қатысты. Курск иінінде болған сұрапыл шайқастың алдыңғы шебінде болды. Украина мен Польшаны азат етуге де атсалысты, ал жеңісті Берлинде қарсы алды. Ардагер өзіне құрметтеп келген әскери бөлімнің қызметкерлеріне алғысын жаудырып, бүгінгі ұрпаққа тек бақытты өмір тіледі.