0:00 / 0:00
27 сәуірде облыс орталығындағы Мұстақым Ықсанов көшесінде ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрменкеде бау-бақша өнімдері мен ауыл шаруашылығы өнімдері қолжетімді жеңілдетілген бағамен сатылды. Ертеңгілік сағат 9.00 мен түскі сағат 13.00-ге дейін жоспарланған азық-түлік жәрмеңкесіне жұртшылық көп жиналып, қалаған өнімдерін оңтайлы бағамен сатып алды. Шаһардың және облыстың 4 ауданына қарасты сексенге тарта кәсіпкері өз өнімдерін қалалықтарға ұсынды. Мұнда азық-түлік бағасы нарық бағасынан 15-20 %-ға арзан. Мәселен Серебряковтан келген кәсіпкер Наталья Кладчикованың айтуынша, жәрмеңкеге деген жұртшылықтың қызығушылығы бірден-бірге өсіп келеді. Айта кету керек, жәрмеңкеге жиналғандардың басым бөлігі әлеуметтік тауарларды көптеп алады. Жергілікті билік бұл бастама бәріне қолайлы деп санайды. Кәсіпкерлер өнімдерін тұрақты өткізу нарығын табады, тұрғындар тауарларды қолжетімді бағаға сатып алып, қалта қаражатын біраз үнемдейді. Жәрмеңкенің болатынан хабардар аудан тұрғындары да қалтаға қонымды сауда орнына арнайы келіпті. Жәрмеңкеде барлығы 4 бас жылқы еті, 11 бас сиыр еті, 32400 дана жұмыртқа, 5,8 тонна картоп, 0.3 тонна қырыққабат, 0,5 тонна сәбіз, 0,6 тонна пияз, 0,9 тонна балық, сондай-ақ шұжық, сүт өнімдері, жеміс-жидектер сатылды. Жәрмеңкеге қаладан қашықтау жатқан Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық округінің шарауа қожалықтары да ет өнімдерін әкелген. Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының берген мәліметі бойынша, аталмыш шара әр сенбі сайын ұйымдастырылып, осыдан жыл соңына дейін жалғасады. Естеріңізге сала кетеміз тауар өндірушілерге сауда орындары тегін берілді.