БҚО-да кәмелетке толмаған қызды зорлап, тұншықтырып өлтірген тұрғын сотталды. Асхат Темірбаевқа қатысты іс БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды. Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кеңесу бөлмесінде алқабилер тараптармен ұсынылып, зерттелген дәлелдемелер жиынтығы негізінде А.Темірбаевтың кінәсі тағылған айыптар бойынша толық дәлелденді деген қорытындыға келді. Алқабилердің шешімімен сотталушы ҚР ҚК 120-бабы 3-бөлігі 3-тармағы, 121-бабы 3-бөлігі 399-бабы 2-бөлігі 10 және 14-тармақтары (адам өлтіру), 188-бабы 1-бөлігіне (ұрлық) сәйкес айыпты деп танылды. Алқабилер шешімі негізінде сот үкімімен Темірбаев түпкілікті 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Айта кетейік, бұдан бұрын алқабилер соты басқа құрамда А.Темірбаевтың ісін қарап, оны ақтап жіберген болатын. Қайтыс болған қыздың туыстары қуынып, шағым түсіргеннен кейін облыстық соттың апелляциялық сот алқасы үкімнің күшін жойып, қайта қарауға жіберген еді. Қанды оқиға өткен жылы Бәйтерек ауданы Дариян ауылында 28 шілдеге қараған түні болды. Сол жылы мектеп бітірген 17 жастағы қыздың мүрдесі табылып, оны өлтірген күдікті ретінде марқұмның бұрынғы жігіті 19 жастағы күдікті анықталып, ұсталған болатын.