Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге өзгерістер еніп, мектеп түлектері қорытынды сынақты 4 мәрте тапсыратын мүмкіндікке ие болды. Бірінші емтихан қаңтар айында өткен-ді. Мектеп түлектеріне арналған екінші мүмкіндік 27-ші наурызда басталды. Кеше Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ қабырғасында 439 адам сынақ тапсыруы керек еді. Алайда, 11 түлек емтиханға қатыспапты. Жалпы алғанда аталмыш университет қабырғасында 888 оқушы ұбт тапсыруы керек деп жоспарланып отыр. Кешегі сынақта орташа балл 70,2 балл болса, ал ең жақсы көрсеткіш 132 баллды құрапты. Бұл тесттердің баршасы мектеп түлектерінің жоғары оқу орынына ақылы түрде білім алуы үшін беріліп отырған мүмкіндік. Әрбір оқушы сынақты тапсыру үшін 2242 теңге көлемінде ақша төледі. Ал, мемлекеттік грант үшін ұйымдастырылатын білім бәйгесі маусымның 20-сынан шілденің 5-сіне дейін болып өтпек. Биылғы мектеп түлектері жазғы ұбт-ыны тегін тапсырады. Сынақ тапсыруға арналған құжаттар сәуірдің бірімен мамырдың он бесі аралығында қабылданады. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап колледж түлектері де ұбт тапсырып, білімдерін жоо-нда жалғастыратын мүмкіндікке ие. Өткен жылдары кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері кешенді тест тапсырып, университет қабырғасына қабылданатын еді. Сонымен қатар, өзгерістер мемлекеттік грант алу процесін айналып өтпеді.