0:00 / 0:00
Наурыздың 1-ші жұлдызы мен 3-і аралығында Батыс Қазақстан облысында 406 адам қар құрсауынан құтқарылды. Жалпы наурыз айы жылы болады деп болжанғанымен, ауа райы тосын мінез танытудан таяр емес.Яғни 3 күнде Тасқала ауданында Орал - Саратов жолының 50-70 км аралығында 31 жеңіл көлікке жәрдем берілді. 59 адам құтқарылса, соның бесеуі - балалар. 8 адам эвакуацияланса, соның алтауы - балалар. Бүгін түнгі сағат 00.30-да осы ауданда Орал - Тасқала - РФ шекарасы жолының 50-104 км аралығында, Тасқала - Оян жолының 65-шақырымында 1 жолаушылар таситын «УАЗ», 74 жеңіл және 2 жүк көлігі тазартылған жерге шығарылды. Бұларда 265 адам болса, соның 12-сі - балалар. 6 адам (біреуі - бала) эвакуацияланды.
«Қазавтожол» ЖШС БҚО филиалының мәліметі бойынша бүгін таңғы сағат 08.00-ден бастап қатты боран мен желдің жылдамдығы секундына 18-20 метрге дейін жетуіне байланысты Переметное- РФ шекарасы, Шыңғырлау- Лубинко, және Жымпиты - Қаратөбе жолдары барлық көлік түрлері үшін қайтадан жабылды.
БҚО ТЖ департаменті облыстық жолдардың әлі ашылмағанын жеткізді. Еске сала кетейік, кеше БҚО-да жолдар жабылып, ауа райына байланысты тағы да ескерту жарияланғанын жазған болатынбыз. Кеше өңірдегі барлық жолдар жабылған еді.