Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы заңды аяққа таптаған колледжерді анықтады. Прокурорлық тексеріс нәтижесінде оқу ордалары студенттерді жатақханамен қамтамасыз етпей, сабақты дұрыс жүргізбей, қаражатты негізсіз пайдаланған деректер тіркеліпті. Облыс көлемінде жұмыстанып жатырған білім ордаларының алтауында өзге қаладан келіп оқитын студенттеріне арналған жатақханалардың жоқтығы анықталыпты. Ал, мемлекеттің тапсырысы арқылы қызмет жасап отырған білім ордалары аталмыш талапты орындауы шарт. Сондай-ақ, Ақсай техникалық колледжі оқушы санын негізсіз артырып, бюджеттен заңсыз 3 млн теңге алыпты. 116 тұлғаға көбейтілген тізімнің құрамында бұрын оқу ордасын тәмамдап кеткен түлектер мен оқудан шығып қалған студенттер болыпты. Заң бұзушылықтардың қатарында сабаққа қатыспай, тұрақты жұмыс жасап жүрген студенттерге шәкіртақы төленген деректер де тіркеліп отыр. Мұндай фактілер Бөкейорда, Жалпақтал, Қаратөбе, Теректі, Сырым мен Шыңғырлау аудандарында орын алған.