9-шы желтоқсанда күллі әлем қоғамның дамуына кедергі келтіріп, экономиканың құлдырауына септігін тигізетін жемқорлық індетімен күрес күнін атап өтеді. Айтулы датаға орай еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі бағытты қамтыған шаралар легі ұйымдастырылды. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күрестен Ақжайық өлкесі де қалыс қалған емес. Облыс орталығында қоғамның індетімен күрес айлығы жарияланған болатын. Шара барысында студенттер бармақ басты көз қысты әрекетке тойтарыс беру үшін ойларын ортаға салып эссе жазса, мектеп оқушылары парасыз болашақтарын қағаз бетіне түсіріп сурет салып жарысты. Үздіктерді марапаттауға арналған шарада шаршы топтан үздік деп танылған жандар марапатқа ие болды.