"Қауіпсіз жол апталығы" акциясы шеңберінде қаламызда 12-18 қараша аралығында түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Ол туралы ІІМ баспасөз қызметі жеткізді. Акция бүкіләлемдік жол көлік оқиғасының құрбандарының еске алу күні аясында «Есіңе ал және ойлан» ұранымен өткізілмек. 2005 жылғы 25 қазандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес 15 қараша бүкіләлемдік жол көлік оқиғасының құрбандарын еске алу күні болып бекітілген болатын. Акцияның негізгі мақсаты жол апаттарын болдырмау, алдын алу, жол көлік оқиғасында қайтыс болғандарды еске алу. Статистика бойынша елімізде жыл сайын жол апатынан 2000 адам қаза болады, 22 мың адам түрлі жарақаттар алады. Бұл әрине орасан сандар. Салыстыратын болсақ, Ауғанстанда 10 жыл соғыста кеңес әскерлері 13 мың сарбазын жоғалтса,еліміздің жолдарында соңғы 10 жылда жол көлік оқиғасында 26 мың адам қаза болған.
Динара Абдулқалықова ІІБ Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:
Жол көлік оқиғасы әлем бойынша жыл сайын миллиондаған адамның өмірін жалмап, мүгедек етеді. Жолдағы апаттар өлім себептерінің арасында көш бастап тұр. Дүниежүзінде жыл сайын жолда 1,2 млн-нан астам адам қаза болады. Әлемнің жолдарында күн сайын 3400-нан адамдар жаяу жүргенде,велосипед немес автомобильде қаза болады. Жыл сайын 20-25 млн адам жарақаттанады. Еліміз бойынша кәмелет жасқа толмаған балалар еліміздің жолдарында 200-ге жуығы қаза болған, 4 мыңнан астамы жол-көлік оқиғаларының салдарынан жарақаттанған