Оралда құны 70 миллион теңгеге жуықтайтын киіктің 148 дана мүйізі өртелді. Бұлар-браконьерлерден тәркіленген айғақ заттар. Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының өкілдері мұндай шара алғаш рет ұйымдастырылғанын айтады. Жыл басынан бері Оралда заңсыз киік аулағандардың үстінен 33 қылмыстық іс қозғалып, 111 киік өлексесі мен 201 мүйіз тәркіленген. Сонымен қатар, көктемгі рейд кезінде табылған 5 тонна балық та арнайы шұңқырға тасталды. Осыған дейін полиция тәркілеген мұндай олжа жасырын жойылып келсе, енді бұл іс жариялы түрде жүзеге асады. Ассоциация өкілдерінің дерегінше, қара базарда киік мүйізінің келісі 5-8 мың доллар аралығында. Киікті аулауға, сатуға елімізде заңмен тыйым салынған. Тек ғылыми мақсатта пайдалануға болады,-дейді мамандар.