Оралдықтар салтанатты түрде 18-ші мәрте ұйымдастырылған Азия ойындарының жеңімпаздарын қарсылады. Аталмыш ойын Индонезия елінде болып өткен еді. Қазақстандық спортшылар жалпы командалық есепте 9-орынға табан тіреген болатын. Индонезия жерінде ұйымдастырылған сайыста Батыс Қазақстандық Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев байдарка мен каноэ есуден өнер көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, Алексей Дергунов алтынды қанжығаласа, оның әріптесі Ергучев болса күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, Оралдық тағы бір спортшы Павел Липилин су добы спорт ойындары барысында ұлттық құраманың сабында өнер көрсетіп, алтын медальді иеленді. Жалпы есепте Қазақстандық құрама 15 алтын, 17 күміс және 44 қола медальді қанжығалады. Алайда, биылғы жылы өткен Азия ойындары Қазақстандық спортшылар үшін табысты бола қойған жоқ. Келесі Азия біріншілігін 2022 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласы қабылдайтыны белгілі.
Алексей Дергунов
Азия ойындарының чемпионы
Азия ойындарының екінші мәрте жеңімпазы атанып отырмын. Бұл жеңісіме өте қуаныштымын. аталмыш сайысқа жақсы дайындалдық. Дайындықтың нәтижесінде осындай көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз. Азия ойындарында Қытай елі барлығынан оза шауып, командалық есепте бірінші орынды қанжығалады.