0:00 / 0:00
Бүгінде жүк көлігі көптеп жүретін Штыба көшесінде жолдың құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Бірнеше жылдан бері тұрғындардың мұң-мұқтажы болып келген тас жолдың жөндеуі шілде айында басталған еді. Жалпы көшенің ұзындығы 1 шақырымның үстінде. Мердігер компания өкілдері жұмысты қыркүйек айында аяқтап береміз,- дейді. Жобаның құны 300 млн теңгені құрайды.
Ал, бұл- Көкшетау көшесі. Бұл көшенің бойында, екі мектеп орналасқан. Мердігер компания өкілдері болса, жұмысты толығымен тамыздың аяғында аяқтап беруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда, №16 мектептің қасындағы жаяу жүргіншілер жолағы салынып, тас жол асфальтінің бірінші қабаты төселіп, жақын күндері асфальттің екінші жамылғысы төселмек. Облыс әкімі қаланың жолдарын қарау барысында, аталмыш көшеде жол төсеп жатқан мердігер компания өкілдеріне газ тұрбаларын алып тастау керектігін тілге тиек етіп, ескерту жасады.
Облыс орталығының сәулетін келтіру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында тұрғын үйлер бой түзеуде. Қазіргі таңда, Құрманғалиева көшесінде жаңа баспананың құрылысы жүріп жатыр. Ертеректе, екі қабатты қабырғасы қақыраған, сау-тамтығы жоқ үйдің орнына келешекте 6 қабатты тұрғын үй салынып, мемлекеттік бағдарлама арқылы азаматтар жаңа баспанаға ие болмақ.
Сондай-ақ, шаһарымыздың тұрғындары "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында жаңа тынымбаққа қол жеткізбек. Еуразия даңғылында құрылысы жүріп жатқан саябақта қолданылып жатқан жаңа технологиялар көп.
Атымтай жомарт жандардың мұрындық болуымен іске асып жатқан саябақтың құрылысы жақын уақытта аяқталады. Аталмыш тынымбақ қала күні қарсаңында халықтың игілігі үшін табысталмақ.