Жаңбырдың салдарымен күрес кезінде көшелерден 1500 текше метр су сорғызылған. Оның үстінде кәрі терек құлап, олардың орындары тазартылған. 9 сағат бойы толассыз жауған жауын кезінде тұрғындардан түскен шақыртулар саны күрт артыпты. Бүгінде толассыз нөсердің салдарымен күрес жұмысы аяқталып келеді дейді коммуналдықтар. Бұл жолғы ақ жауын тұрғындарды да, арнайы сала мамандарын да бір әбігерге салды. Қаланың ойпатты, арығы жоқ аудандарында жаңбыр суының деңгейі көтеріліп, үйге ену қаупі артқан.
-"Нөсердің салдарын жоюға 17 арнайы техника мен 25 адамның күші тартылды. 1500 текше метр су сорғыздық. Тұрғындардан 28 қоңырау түсіп, шақырту бойынша жұмыс жасадық",-дейді "Жайық таза қала" ЖШС баспасөз хатшысы Ақболат Қатешев.
Дауылды нөсер кезінде 12 кәрі терек құлаған. Олардың орындарын тазаланып, жиналыпты. Қазгидромет мамандары алда мұндай табиғаттың тосын мәнезінен келетін қауіп жоғын мәлімдеді. Облыс аумағында жауын-шашынсыз күн райы күтіледі. Осы апта соңына дейін температура жоғары қысым ықпалында болмақ.
-"Ауа температурасы түнде 17-25 градус болады, күндіз 25-30, 30-35 градусқа дейін көтеріледі. 22-шілде күні 47 мм.-дей жерге дымқыл түсті, яғни 109 пайыздық айлық норма. 9 сағат бойы жаңбыр жауды. Бұдан бұрын 2005-жылы жаңбыр айлық нормадан 2 есеге көп жауған болатын",-дейді "Қазгидромет" РМК БҚОФ бөлім басшысы Татьяна Шилининг.
Айта кетейік, синоптиктер тәжірибесінде шілденің 23-жұлдызындағы ең салқын күн сынап бағанасының 5,6 градусқа төмендеуімен 1968 жылы тіркеліпті. Ал ең ыстық күн 40 градустық температурамен 1989-жылы орын алған.