0:00 / 0:00
2 жылдан бері қолайсыздықты бастан өткеріп келген Деркөл кентіндегі көп қабатты үй тұрғындары қуаныштарымен бөлісті.Осыған дейін арнамызда аталмыш мәселе туралы бейне материал көрсетілген болатын. Жаз келісімен күні бойы құбырларымыз кеуіп тұрады, даладан су тасуға мәжбүрміз деген тұрғындар бүгін жағдайдың оңалғаны үшін зор алғыстарын білдірді.
Көп қабатты 3 бірдей үйдің жоғарғы қабаттарындағы тұрғындардың сусыз қалуына қысымының төмендеп кетуі себеп болған. Арнамызда көрсетілген аталмыш мәселемен құзырлы органдарға жүгінген болатынбыз. Бүгінде жағдайдың оңалғанына сенер-сенбесін білмей, әлі де судың қорын жинап отырған тұрғындар үшін бұл қуанышты жаңалық болды.
Дереу іске көшкен мамандар деркөлдіктердің жағдайын шешуге бар күштерін салыпты. Қазір 5ші қабат тұрғындары да суды емін-еркін пайдаланып отыр. Судың тоқтап қалуы Деркөлдің ПДП-1 және ПДП-2 аудандарына ауыз суды бақша суаруға пайдалануға рұқсат еткен соң басталған.
Суға қол жеткізген тұрғындар бұл орайда БАҚ өкілдерінің көп көмегі тигенін айтып, ризашылықтарын білдіруде. Ақпаратпен бөлісіп, билік пен бұқара арасына алтын көпір салып жүрген тілшілердің қоғамға пайдасы тиіп жатырса, мақсаттың орындалғаны деп білеміз.